Бұдан алынатын басты тағылым – ЭКСПО-2017 мамандандырылған халықаралық көрмесіне қойылған технологиялар мен жобаларды тұңғыш рет өндіріске қолдану қадамдары белгіленгенінен туындайды. Отандастарымыздың арасында «ЭКСПО өтті, сонымен іс бітті», деген ойдың жетегінде жүргендер де бар екені анық. Жоқ олай емес, керісінше көрмеге қойылған жобалардың өндіріске енгізілуіне қатысты атқарылатын істердің түндігі енді түрілмек.
Екі күнге созылған Ақтөбе форумының алға қойған басты мақсатының бірі де осы еді. Кез келген басқосудың басты қазығы мен ашылар кілті болады. Осы орайда «АKTOBE INVEST-2017» халықаралық форумының басты желісі «ЭКСПО-2017: Аймақтардың даму серпіні» атты пленарлық отырыспен көмкерілді.
Сөз жоқ, бұған дәл осы тақырыптың таңдалуы тектен-тек емес. Бұл бұрынғы кеңестік кеңістіктің орнына құрылған ТМД мемлекеттері арасында тұңғыш рет өткізілген мәртебелі көрменің екінші тынысын ашуды мұрат тұтқан – еліміздегі ең алғашқы ақжолтай іс.
Аталған көрменің басты мақсаты – елімізге жаңа технологиялар мен инновациялар тарту әрі оны өндіріске енгізу екені белгілі. Оған республиканың барлық өңірінен «Жасыл экономиканы» қолдану мәселелеріне қатысты тың жобалар ұсынылды. Дәстүрлі емес энергия көздерін дамытуға бағытталған тартымды туындылар қойылды. Солардың ішінде ақтөбелік өндіріс жаңашылдарының жобалары көрмені тамашалаушылардың айрықша ықыласын туғызды. ЭКСПО өткен соң өңірдегі 20 мыңнан астам кәсіпкер өздерінің озық технологияларын өндіріске енгізуге бет бұрды. Бүгінгі күні соның ішінен әлемдік заманауи стандарттарға сәйкес келетін жиырма технология таңдалып алынды. Қазір облыста соны жүзеге асыруға байланысты жұмыстар жан-жақты өрістеп келеді. Осынау, ЭКСПО-2017 көрмесіне қойылған жобаларды іске асыруға қатысты тартылған инвестицияның жалпы сомасы 128 миллион АҚШ долларын құрайды. Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев пленарлық отырыста өз сөзін осы арнадан сабақтады.
Дәл қазіргі кезде аймақта «жасыл технологияларға» қатысты 300 миллионнан астам АҚШ долларын құрайтын 4 жоба жүзеге асып келеді. Олардың қатарын жел және су электр стансалары, энергетика қорлары қондырғылары, сондай-ақ жел генераторы секілді жобалар бар. Мұндай техниканы қолдану өңірдегі экологиялық ахуалды сауықтыруға және энергия қуаттарын үнемдеуге жол ашады. Сонымен бірге еңбек өнімділігін 10-15 пайызға көтеруге әрі энергия тапшылығын қысқартуға мүмкіндік береді.
Ендігі жерде форум тікелей Ақтөбе аймағына қандай шапағаты мен көмегін тигізді деген мәселеге келсек, біріншіден оған қатысушылар өңірде жағымды инвестициялық ахуал қалыптасқанын атап өткені, сондықтан да аймаққа инвестиция құюға әзір екендіктерін мәлімдегені – басты жетістік. Өңір бизнесті жүргізу ісінің оңтайлылығы жөнінен де аймақтар арасында ең алдыңғы орындардың бірінде тұр. Дүниежүзілік банк сарапшылары жүргізген рейтинг нәтижелері осындай.
Салыстырмалы түрде алғанда өңірдегі арзан энергетикалық ресурс, «Ақтөбе» индустриялық аймағындағы өндіріс құруға ыңғайлы инфрақұрылымдар Ресейден, Италиядан және Біріккен Араб Әмірліктерінен келген компания жетекшілерінің үлкен қызығушылығын туғызды. Сондықтан да олар форум жұмысы кезінде өнеркәсіп, инновация, фармацевтика және ауыл шаруашылығы салаларында өзара тиімді байланыстар орнатуға әзір екендіктерін мәлімдеді. Атап айтқанда, Италияның Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Стефано Раваньян екіжақты қарым-қатынастарды тереңдету мәселесін Ақтөбе қаласында Италия елшілігінің өкілдігін ашу қажеттілігінен бастауды жөн көреді. Қазір бұл мәселе жан-жақты ойластырылуда, – деді Стефано Раваньян газет тілшісіне.
Ал Біріккен Араб Әмірліктеріндегі ең ірі холдингтерінің бірінің бас директоры Мишель Нассур Ақтөбедегі өндірістік нысандармен танысқан сәтінде мұндағы мұнай-химия салаларындағы жобалар үлкен қызығушылық пен мүдделілік туғызғанын атап көрсетті. Сонымен бірге оның ойынша өңірде агроөнеркәсіптік кешен мен қонақүй бизнесін дамыту ісінде де жаңа мүмкіндіктер мен әлеуеттер бар. Ең бастысы, форум кезінде өзара тиімді қарым-қатынастарды қандай тұрғыда орнықтыру жөнінде нақты шешімге келе алдық деп түйіндеді өз ойын шетелдік ірі бизнес өкілі.
Ақтөбе форумының тағы бір басты қонағы – «АІ Masaood Oil and Kaz» компаниясының бас директоры Ахмад аль Таннир Ақтөбе облысында өзара тиімді түрде дамудың кең перспективалары бар екенін ризашылық сезіммен жеткізді. «Сіздерде «жасыл экономика» жобаларын іске асыруға жан-жақты көңіл бөлініп отырғанына үлкен қолдау білдіргіміз келеді. Осы тұрғыда біз де Ақтөбеде қоршаған ортаға зиянын тигізбейтін, жоғары технологияға негізделген жобаларды іске асыруға әзірміз, деді ол. Сондай-ақ Орынбор облысының губернаторы Юрий Берг Ақтөбеде биыл бесінші рет өткізілген инвестициялық форум Ресей мен Қазақстан арасындағы сауда-экономикалық қатынастарды одан әрі тұғырландыра түсуге септігін тигізгеніне тоқталса, Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетов Ақтөбе форумы жыл сайын жаңа, тың серпін алып келе жатқанын жеткізді.
Халықаралық бас қосу сәтінде оған қатысушыларға өңірдегі инвестиция салуға қолайлы, соған сұранып тұрған дерліктей барлық нысандар таныстырылды. Тіпті өндірістік жобалармен бірге жоғары оқу орындарындағы оқыту үдерістеріне жаңа технологияларды енгізу мәселелері де көрініс тапты. Сондай-ақ форум жұмысының қорытындыланар сәтінде де ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесі мықты инновациялық Қазақстанның іргетасын қалап қана қоймағаны,сонымен бірге өңірлер үшін де жаңа технологиялар енгізуге кең мүмкіндіктер ашқаны басты түйінге айналды. Әрине, оның жарқын мысалы Ақтөбе облысының бүгінгі зор инвестициялық әлеуеті болып табылады. Мұнда отандық және шетелдік инвестицияның тартылуы үшін барлық мүмкіндіктер жасалған.
Бұған тек биылғы жылдың 9 айы ішінде инвестициялық жағдай мен ахуалдың көтерілуі 120 пайыздан асып түскені айқын айғақ. Өз кезегінде өңірдегі шетелдік инвестиция өсімі де екі есеге дейін өскен екен. Бұл әрине табыстың да, мүмкіндіктің де шегі болып қала алмайды. Қазіргі күні облыста инвестициялық ахуалды одан әрі тереңдетудің сан алуан жолдары қарастырылуда. Қазіргі кезде «Ақтөбе» индустриалды аумағында құны 35 миллион АҚШ долларын құрайтын жаңа жобалар жүзеге асырыла бастады.
Әрине, кез келген форумның басты нәтижесі меморандумдар мен келісімдерге қол қоюдан көрінеді. Бұл бағытта өнеркәсіп, индустрияландыру әрі шағын және орта бизнесті ынталандыру салалары бойынша 11 қабырғалы құжатқа қол қойылды. Оның жалпы құны екі жүз миллиард теңгені құрағаны «АKTOBE INVEST-2017» бесінші халықаралық инвестициялық форумының басты жетістігінің бірі болып қала бермек.
Темір ҚҰСАЙЫН,
«Егемен Қазақстан»
АҚТӨБЕ